Кітапханалық - ақпараттық орталық «Цифрлық ортадағы университет кітапханасы: ресурстар, технологиялар және қызметтер» атты іс - шара ұйымдастырды.
Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні жыл сайын 23 сәуірде атап өтіледі. Бұл күннің маңызды аспектілері - рухани мұрадағы әдебиеттің маңызы, зияткерлік еңбек туындыларын қорғауды білдіретін авторлық құқықты сақтау қажеттілігі.
Іс-шара баспалардың кітап - көрме жәрмеңкесімен басталды. Oxford University, Эпиграф, Академия, Альманах, Евразия пресс баспалары көрмеге түрлі жанр, бағыттағы әдебиеттерді оқырман назарына ұсынды. Экспозицияда қазақ, ағылшын, орыс тілдеріндегі оқу әдебиеттері ұсынылған. Баспа өкілдері қатысушыларды баспалардың қызметімен, олар ұсынатын қызметтермен таныстырды, қолда бар электрондық ресурстар және олардың пайдаланушыларға беретін мүмкіндіктері туралы айтты.
Іс-шараның келесі бөлімі «Артық білім кітапта...» тақырыбындағы ашық әңгімемен жалғасты. Студенттер мен оқытушылар республикалық "Егемен Қазақстан" газетінің меншікті тілшісі – ақын Хамит Есаман, Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының жетекшісі Хамит Есаманмен және облыстық «Ақ жол» газетінің бөлім редакторы, ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Табиғат Абаилдаевпен кездесті. Кездесу модераторы - "Рухани жаңғыру" жобалық кеңсесінің бас маманы Балмира Мырзабаева. Қатысушылар әдебиет, кітап мазмұны, оқырмандар туралы пікірлерімен бөлісті. Авторлар өз шығармаларын оқыды.
Іс-шара "Индекстелген журналда ғылыми мақаланы қалай жариялауға және танымал автор болуға болады?" атты авторлық вебинармен аяқталды. Вебинар онлайн форматта өтті. Вебинарды Орталық Азия және Азейрбайджан бойынша кеңесші, MD, MPH, PhD кандидаты - Рабиға Хожамқұл жүргізді. Қатысушылар журналды іздеуге, авторлар мен мақалалардың танымалдылығын талдауға, коллаборацияларды іздеуге арналған Elsevier құралдары туралы білді.