М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-нің Кітапханалық-ақпараттық орталығының Көркем әдебиет секторы және ГӘҒФ-нің белсенді студенттері 2019 жылдың желтоқсан айының 13 жұлдызында, қазақ ақыны, халық жазушысы, журналист, мемлекет және қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай «Тыңда мені жүрекпен» атты әдеби-сазды кешін өткізді.
Аталған іс-шараны Филология мамандығының 1 курс студенті Аблай Айгерім ұлттық поэзия бағының шоқ гүлдерінің ішінде отты жырларымен дараланған Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын, ірі тұлға, біртуар суреткер Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналғанын айтты.
Келесі кезекте Филология мамандығының 1 курс студенттері ақынның өмір дерегіне тоқталды. Олар: Қалдыбаева Альбина, Сұлтанбаева Назгүл, Әбсаттар Құралай.
«Филология» мен «Мәдениет және өнер» мамандығының 1 курс студенттері Надира Жанайдарқызы «Мен сонда жылап қалғам», Ұлбала Өмірзақова «Мен сізді ұнатамын», Альбина Қалдыбаева «Анама», Әлімжан Гүлзат «Көз алмай неге қарадың» ақынның өлеңдерін нақышына келтіріп оқыды. Абдулсаттарқызы Мавлида ақынға арналған өз арнауын оқыды.
Даниярқызы Айдина мен Әділханұлы Бексұлтан (гитара) Фариза Оңғарсынованың «Айша бибі» өлеңіне жазылған әсем әнін орындады.
Көркем әдебиет секторының кітапханашысы Нұргүл Сапарғалиқызы «Жырларым – менің сырларым» атты кітап көрмесін ұсынып, ақынның шығармашылығына тоқталды. Ақын анамыздың шығармашылығы туралы сыр шертетін болсақ, оның өлеңдерінде әйелдер тақырыбы жиі жырланды. Тек жай жырлау емес, қазіргі замана талабының биік өрісіне лайықтап жырлау Фариза туындыларының бір қыры еді. Ақынның шығармашылығына тән басты қасиет шындықты ту ететіндігінде. Оның бұл қасиеті кез-келген туындысынан айқын көрініп тұрады. Фариза Оңғарсынова алғашқы өлеңдерінде Қазақстанның шөлді жерлерінің өзеруі, кең байтақ сусыз даланың ең шөлді бұрыштарына тіршіліктің келуі, ерлігі мен батылдығы кеңпейілділігінен кем түспейтін адамдар туралы жазды .
Фариза ақын сүйіспеншілік пен махаббатты 28 жыл үздіксіз жырлаған ақын. Бірде оттай шарпитын, енді бірде алапат дауылдай теңселтетін махаббат сезімін басуға, жүрегін жандырмай, жан дүниесін таза ұстап қалуға көмектескен қандай құдірет күш. Оған да жауапты ақын өлеңдері арқылы берді.
Сонымен бірге, университетіміздің Кітапханалық-ақпараттық орталығының жеке http://lib.tarsu.kz/ сайтына тоқталып, оның ішінде https://adebiportal.kz/kz туралы ақпарат берді.
Іс-шара барысында ақынға арналған замандастарының пікірлері мен бағаларын Ілесбай Ұлбосын мен Әбсаттар Құралай оқыды:
- «Фариза Оңғарсынова поэзияға қанат қағып алғаш қосылған кезден бастап бүгінгі қазақ поэзиясының падишасына айналып, бүкіл өмірін шығармашылыққа арнады». Н.Ә.Назарбаев
- «Фариза халықтық рух бар, ол – елімен бірге, қазағынан бөлінбейтін ақын. Оның тілі жүйрік, өткірлігі мен тапқырлығы, қанағаттығы бәрімізді де қызықтыратын, қуантатын ақын. Абай бастаған ұлы ақындары бар елде қыздан шыққан Фаризасы болу да қазақ елі үшін керемет жарасым. Мен осы жарасымды көргеніме бақыттымын». Әбілда Тәжібаев
- «Фариза – поэзияның іші мен тысын ойлай алатын ақын». Ғабит Мүсірепов
- «Фариза Оңғарсынованың өлеңдерінде Махамбет өлеңдерінің екпіні, Махамбет өлеңдерінде ғана кездесетін, лирикамен қатар жүретін ашу-ыза екпіні бар». Әкім Тарази
- «Фариза прозасындағы эссе –қара сөз дегені болмаса, баяғы сол есіліп тұрған поэзия». Шерхан Мұртаза
- «Фаризаның шығармашылығын түсінуге ерекше бір талғам керек». Ақұштап Бақтыгереева
- «Фариза – аспанға алау атып, шоқ шашыратып жатқан рух жанартауы. Өшпейтін де сөнбейтін өжеттік қайнары». Әбіш Кекілбаев
Фариза Оңғарсыноваға арналған кеш Бақытгүл Бабаштың сөзіне жазылған Роза Әлқожаның «Фариза» әнін журналистика мамандығының 2 курс студенті Әзімхан Көркемнің орындалуымен аяқталды.
Қазақ ақыны, халық жазушысы, журналист, мемлекет және қоғам қайраткері Фариза Оңғарсыноваға арналған кеш слайдпен сүйемелденді. Кешіміздің соңында Фариза апамыздың алдында тағзым ете қазақ әдебиетінің даңқы арта беруін «Филология және журналистика» кафедрасының аға оқытушысы Абдыханова Ғалия тіледі.
«Тыңда мені жүрекпен» атты әдеби-сазды кешімізден соң Фариза ақынның өлең-жырларын оқуды сіздер де жалғастырады деген сеніммен Көркем әдебиет секторының кітапханашысы Нұргүл Сапарғалиқызы көпшілік оқырманды Фариза Оңғарсынованың шығармаларын оқуға шақырды.
Фариза ақынның 80 жылдығына арналған әдеби-сазды кештің соңында осы кешке атсалысқан студенттер алғыс хатпен марапатталды. СУРЕТТЕР