Яндекс.Метрика

                                                                                                                

2019 – ЖАСТАР ЖЫЛЫ

   Тараз қаласының Сүлейменов көшесінің бойындағы бұрынғы «Атшабар аллеясы» облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың тапсырмасы бойынша толықтай жаңғыртылып, Жастар аллеясы болып қайта ашылды. Мұнда «Білім» алаңы, «Jastar» қабілет орталығы, «Кітап» және «Сахна» алаңшасы мен «Махаббат» аллеясы бой көтерді. Олардың әрқайсысының өз ерекшеліктері мен қызметі бар. Бұл «Жастар» жылына жасалған мерекелік тарту болды. 
   Мәселен, «Jastar» қабілет орталығы жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы етіп салынған. Мұнда 16 адамға арналған «коворкинг» залы мен 40 адамға арналған асхана жұмыс істейді. «Wi-fi» желісімен қамтамасыз етілген. Студенттер мен оқушылар түрлі кездесулер өткізіп, іс-шаралар ұйымдастыруға мүмкіндік бар.
   Осы орайда сәуір айының 11 жұлдызында Кітапханалық-ақпараттық орталығы және «Филология және журналистика» кафедрасы  осы жоғарыда аталған «Jastar» қабілет орталығының «коворкинг» залында  «2019 жыл – Жастар жылы» деп жариялануына  және «23 сәуір – Дүниежүзілік кітап күніне» байланысты Жамбыл облысының жас ақындары мен жазушыларының қатысуымен «Кітап оқу сәнге айналуы керек» атты студенттер арасында әдеби қонақжай ұйымдастырды.  Әдеби қонақжай кешіне Қайырбек Асанов, Бақытжан Мақашев, Есет Досалы, Табиғат Абаилдаев, Елдар Боранбек және университетіміздің жас ақындары Шапағат Әбдір, Жұматай Көксубай қатысып, өз ойларымен бөлісті.  Шақырылған қонақтардың  басым көпшілігі М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіміздің түлектері.
Кездесуді алғысөзімен ашқан Кітапханалық-ақпараттық орталық директоры Гүлжан Иржанова кітап оқудың маңыздылығын айта келе, студенттерге кеш қонақтарының сөйлеген сөзінен ғибрат алуға кеңес берді.
   Сөз кезегі Жазушылар және журналистер одағының мүшесі Қайырбек Асановқа берілді. Құрметті қонағымыз тақырыпқа байланысты оралымды ойын, ақыл-кеңесін айтты: Уақытты ешкім тоқтата алмайды. Әрине, техниканың дамығаны дұрыс-ақ. Бірақ сіздер оның құлы болмаңыздар. Байтақ жеріміздің, тәуелсіз еліміздің иесі ретінде жастарға айтарым, уақытты бос өлтірмей, кітап оқыңыздар. Жастар жылы – жастар ойланатын жыл болсын,– деп жүрекжарды лебізін айтып, өз естеліктерімен де бөлісті Қайырбек Асанов.
   Өз кезегінде айтыскер ақын, журналист Есет Досалы да облыстық «Арай» жастар газетінде жұмыс істеген жылдардағы естеліктерімен бөлісті.  Кітап оқып, әдебиет әлеміне тереңірек үңілуіне себепкер болған ақын-жазушылар туралы әңгіме қозғады. Есінде ерекше қалған айтыстары туралы да айтып өтті.
   Айтыскер ақын, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Бақытжан Мақашев студент кезінде кітапты таласа оқитындары жайлы қызықты естеліктерімен бөлісті. 100 мың данамен шыққан кітаптар дүкен сөрелерінен тез-ақ таусылып қалатынын айтып, бүгінде ондай жастардың жоғын да тілге тиек етті. Сөзінің қорытындысында, гуманитарлық сала қажет емес деген ой қате екенін айтып, кітап – рухани қуат, жан ләззаты екенін дәйекті сөздерімен жастарға ой салды.
Еркін ой бөлісу кешінде жас ақындар өз өлеңдерін оқыды. Студенттер көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, лайықты жауап алды. Кездесу соңында Гүлжан Жеңісбекқызы келген қонақтарға алғысын білдіріп, қонақтарға ең құнды сыйлық – кітап тарту етті.
   Аталған іс-шара аясында «Жастар» аллеясындағы  ел игілігіне ұсынылған бес бірдей нысандарға ( «Білім» алаңы, «Jastar» қабілет орталығы, «Кітап» және «Сахна» алаңшасы мен «Махаббат» аллеясы) экскурсия ұйымдастырылды.