Құрметті оқырмандар!
Дулати универсиетінің Кітапханалық-ақпараттық орталығының Көркем әдебиет секторы және «Мәдениет және өнер» кафедрасының студенттерінің ұйымдастыруымен 2025 жылдың ақпан айының 27 жұлдызында, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай және «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасының аясында ұйымдастырылған «Абай - дана, Абай - дара қазақта!» атты әдеби-сазды кеші өтті.
2025 жыл – кітап оқу жылы болып жариялануына орай, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы ашылды. Жоба арқылы өңір жастарын кітап оқуға баулып, келешек ұрпақты тәрбиелеу процессіне үлес қосу – басты мақсат.
Кештің мақсаты: Абай шығармашылығының рухани-мәдени маңыздылығын жастарға танытып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Абай мұрасын кеңінен насихаттау арқылы жастардың қазақ мәдениеті мен әдебиетіне деген қызығушылығын арттыру, көркемсөздің терең мәнін ұғындыру, ұлттық өнер мен дәстүрді жаңғырту.
Әдеби-сазды кешке «Мәдениет және өнер» кафедрасының аға оқытушылары Куненова П.С., Молдазимова А. және кітапхана қызметкерлері, студенттер қатысты.
Кітапханалық-ақпараттық орталығының Көркем әдебиет секторының меңгерушісі Нұргүл Сапарғалиқызы сөз алып, тәуелсіз еліміздегі барлық дүниені Абайдың даналығымен байланыстыру керектігін тілге тиек етті. Қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының өнегелі өмірімен таныстыра отырып, «Абайдың асыл мұрасы» атты кітап көрмесін назарға ұсынды.
Әдеби-сазды кеш Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған слайдпен сүйемелденді. «Мәдениет және өнер» кафедрасының білімгерлері Абай Құнанбаевтың өлеңдері мен қара сөздерін, аудармаларын және поэма үзінділерін жатқа оқып, өнерлерін паш етті. Сонымен қатар, «Желсіз түнде жарық-ай», «Көзімнің қарасы» әндері (хор) орындалды. Көрермендерге Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған сұрақтар қойылды. Кеште ұлы ақынның өнегелі өмірі, даналығы көрерменге кеңінен таныстырылып, рухани асыл мұралары насихатталды.
Кеш соңында ұйымдастырушылар сөз алып, ақынның туындылары өскелең ұрпақты адалдыққа, ізгілікке жетелейтіні жайлы сөз қозғады. Өнер көрсеткен қатысушыларға жылы лебіздерін білдіріп, университет басшылығының атынан «Алғыс хат» табыстады. Ақын мерейтойының аясындағы тағылымды шаралар кітапханаларда алдағы уақытта да жалғаса бермек.