Яндекс.Метрика

                                                                                                                

ТӨЛЕГЕН АЙБЕРГЕНОВТІҢ ТУҒАНЫНА 85 ЖЫЛ

   Өлеңдерімен өмір сырын ақтарған тарлан ақын Төлеген Айбергенов тірі болса 85 жасқа толар еді. «Бір тойым болатыны сөзсіз менің, дәл қай күні екенін айта алмаймын» деп жырлаған Төлеген ақын көзінің тірісінде бір тойын көре алмады. Бірақ осы жыры арқылы мәңгілік тарқамайтын бір тойының боларын алдын ала сезгендей.
   Қазақ халқының рухани мәдениетінің ірі тұлғаларының бірі,  талантты ақыны Төлеген Айбергеновтің туғанына 85 жыл толуына орай Дулати университетінің Кітапханалық-ақпараттық орталығының Көркем және сирек  әдебиеттер секторы, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы  және әдеби-шығармашыл жастары наурыз айының 4 жұлдызында, ГӘҒФ – кешенінің  №1 оқу залында «Жан едің өлең үшін дара туған» атты  ән-жыр  кешін ұйымдастырды.

   Кеш мақсаты: Төлеген Айбергеновтің ақындық талантын жастар жүрегіне ұялату, туған халқының әдебиетіне, туған еліне деген сүйіспеншілік сезімін оятып, адамгершілікке тәрбиелеу; жырларды мәнерлеп оқу арқылы қазақ елінің ақындарының шығармашылығына қызығушылық оятып көркем әдебиет кітаптарын оқуға баулу.
Аталған кешке «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Әлімбай Аманбайұлы Найзабай, университетіміздің түлектері, «Алтын тобылғы» республикалық әдеби байқауының лауреаты, «Алдай көрме сен мені»атты жыр жинағының авторы Әбдірұлы Шапағат, ақын Рахатұлы Мереке және университетіміздің  жас ақыны, журналистика мамандығының 4 курс студенті, әдеби байқаулардың лауреаты, «Сағынышымның дауысы» атты жыр жинағының авторы Көксубай Жұматай қатысты.
       Кеш барысында университетіміздің студенттері Сабыржанқызы Қымбат, Осалы Саламат, Берікқызы Санагүл, Адилова Айдана, Әуесбек Анар, Заутбек Альбина, Абдулсаттарқызы Мавлида, Төлеген Маржан, Серубай Ақниет Төлеген Айбергенов шығармалары мен Төлегенге арнаған жүрекжарды жырларын оқыды. Жыр кеші сазды әуендермен жалғасты: филология мамандығының 3 курс студенті Даниярқызы Айдина мен Зауқымбек Асылмұрат Төлеген Айбергеновтің өлеңдеріне жазылған бірнеше әндерін  орындап, көпшіліктің қошеметіне иеленді.«Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Әлімбай Аманбайұлы Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ ерке ақ Жайығы» әнін (сөзі Төлеген Айбергеновтікі) орындап, оқырмандарға жақсы көңіл-күй сыйлады.
       Кеш қонағы ақын Шапағатқазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасы барақын  Төлеген Айберген туралы өз пікірін айтты. Өз кезегінде ол Төлегеннің «Бір тойым бар» өлеңі мен ақынға арналған арнауын оқып берді.
       Жас ақынымыз Көксубай Жұматай:  Төлеген Айбергеновтің өзінің әдебиетке келуінің үлкен әсер еткендігі, өлең жазуға өзіндік мектеп болғандығы туралы, оныңнебәрі отыз жыл ғана өмір сүріп, оттай лапылдап өткен жалынды ақын азғана ғұмырында терең ой мен мөлдір сезімге толы жырларымен ел ықыласына, халық сүйіспеншілігіне бөленгені туралы тілге тиек етті. Сонымен қатар  дүниеден ерте қайтатынын сезген «тілі қылыштан өткір, қылдан нәзік» талантты ақындардың болғаны туралы айтты. Сөз соңында Жұматай әр қашанда осындай ақындарды сыйлап, құрметтеп, еске алып жүрейікдеген лебізін білдірді. 
       Әлімбай Аманбайұлы Бауыржан Момышұлы мен Төлеген Айбергеновтің ақындық ойлары деген тақырыпта жүргізілген зерттеу жұмыстары жөнінде тоқталды.
       Айбергенов поэзиясының әсеріне елігіп, ақ жүректі ақынның егіле-төгіле жырлауына еліктеп өскен жыршылардың бірі - Мұхтар Шаханов. Мұхтар Шаханов Төлеген шығармаларынан нәр алып, ағалық ақылын тыңдап, қасында жүріп, көп нәрсені үйренген. Тіпті Төлегеннің мықтылығын мойындап, күллі қазақты таң қалдырған ақын деп, «Айбергенов шыңы» деген өлең шығарған. Осы өлеңді Филология мамандығының 3 курс студенті Абылай Айгерім нақышына келтіріп оқыды.
       Университет түлегі, ақын Рахатұлы Мереке өзінің шығармашылығына тоқтап, туған жеріне арналған өлеңдерін оқыды.
Төлеген Айбергеновтің өмірбаяны мен шығармашылығына арналған слайд пен деректі фильмдер көрсетілді. Көркем әдебиет секторының жетекшісі Нұргүл Сапарғалиқызы «Айбергеновтің әдеби-ақындық әлемі» атты дәстүрлі кітап көрмесі және http://lib.tarsu.kz КАО сайтындағы виртуалды кітап көрмесімен https://ru.calameo.com/read/0045285434b88bbac44a4 таныстырды. «Филология және журналистика  кафедрасның аға оқытушысы  Қасабай Бота Төлеген Айбергенов жайлы қызықты деректер айтты.
   Өнер көрсеткен  қатысушыларға Дулати университетінің «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Әлімбай Аманбайұлы университет атынан алғыс хат тапсырды.