Меценат сыйы
Университет кітапханасының қоры тұлғалық даму, психология, өнер салаларындағы әлемдік бестселлерлермен, Қазақстан қалаларының иллюстрациялық альбомдарымен, энциклопедиялармен, сондай-ақ қазақтың халық батырлары мен көрнекті тұлғалары туралы әдебиеттермен толықты. 100-ден астам кітапты университетке белгілі қазақстандық меценат Азамат Утенов сыйға тартты.
Утенов — кәсіби қаржыгер, Enactus Kazakhstan директорлар кеңесінің мүшесі, Reading Club жобасының негізін қалаушы. Клубтың мақсаты — студенттердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, оларды оқуға баулу. Кітаптан алған білімін өмірде тиімді қолдана білген студенттер кез келген салада, соның ішінде Enactus кәсіпкерлік жобаларында да табысқа жете алады.
Сонымен қатар, Азамат Утенов — әдебиетті ерекше қадірлейтін, кітапсүйер жан әрі қайырымдылықпен айналысып жүрген азамат. Ол Қазақстанның жоғары оқу орындарына кітаптар сыйлап, студент жастармен кездесулер өткізіп, олардың бойына кітап оқуға деген сүйіспеншілікті сіңіріп келеді.
Студенттерді, оқытушыларды және барлық оқырмандарды университет кітапханасына келіп, жаңа кітаптармен танысуға шақырамыз. Бұл жинақтан әркім өзіне қажетті әрі қызықты дүниені таба алады.
19 «мамыр» 2026
35