Яндекс.Метрика

                                                                                                                

«Бір ел-бір кітап»

    Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында 2021 жылы таңдалып алынған ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, жалпыхалықтық оқуға «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» ұранымен танымал қазақстандық авторлардың 30 үздік туындыларының бірі - ақын, жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық және республикалық әдеби байқаулардың жүлдегері, Қазақстан Жазушылар Одағының, Журналистер Одағының және Халықаралық жазушы әйелдер гильдиясының мүшесі Сәуле  Досжанның «Қасірет пен тағдыр» романы.

    Жер бетінде қазақтай қасіретті көп тартқан ұлт жоқ шығар, сол қасіреттің бірі – Семейдегі сынақ алаңы. «Қасірет пен тағдыр» романының бас кейіпкері – Аяулымның тағдыры арқылы атом бомбасының сынақ алаңына айналған Жер-Ананың қасіретін, ұлтымыз шеккен зұлматты, көрген тозақты суреттейді. Семей өңірі халқының көз жасы, күпті кеудесі, кешкен күйі, момақан ел жұрттың полигоннан тартқан қасіреті мен азабы шебер суреттелген. Семей жерінде атақты тұлғаларымыз: Абай, Шәкәрім, Мұхтар туып өскен топырақтың дүмпуден шаршап, күңіренген қара жерінің, кембағал болып туылған жазықсыз періште-сәбилердің іңгәлаған дауыстары естілетін азалы желінің ауыртпалығы туралы айтылған. Семей полигоны жабылса да, оның қазақ халқына тигізген зардабын әлі тартып келеміз. Аяулымның Әмірдің денсаулығы туралы  оқиға өрбігенде алдын-ала жер сызған қабірде жатуы, гидроцефалия диагнозымен дүние есігін ашқан сәбиі туралы қызыл қызғалдақтың  қап-қара болып солып кетуі, Гүлімайдың Бөрімен тілдесуі – бәрі-бәрі көркем шығарма оқиғасының нанымды көрсетілуінде қолданылған мистикалық акценттер. Оқиға Семей жерінде өтеді де, келесі оқиға Аяулымның туған өңірі Алматы облысында оның балалық шағымен жалғасады.

    Шығарманы оқуға шақырамыз!