«Зергер сөздің шебері»

Құрметті оқырмандар!

    19 қазан күні Кітапханалық-ақпараттық орталықтың №6 оқу залы мен «Физика және ІТ» («Ұстаз» институты) кафедрасы студенттерінің ұйымдастыруымен  қазақтың белгілі жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сайын Мұратбековтың 85 жылдығына арналған «Зергер сөздің шебері» тақырыбында портрет кеші өтті.

    Іс-шарада жазушының өмір жолы туралы айтылып, шығармаларына жеке-жеке тоқталды. Еліміздің аяулы перзенті, қазақ әдебиетінің таңдаулы өкілдерінің бірі - Сайын Мұратбековтың шығармашылығы - жан-жақты, көп қырлы мол қазына, тақырыбы да сан алуан. Оның жазбаған, арнамаған саласы жоқ, әр шығармасы өзінің мағынасымен, шынайылығымен, тазалығымен оқырманын өзіне баурап алады және ой салады. Автордың әрбір жаңа әңгімесінде бұрын айтылмаған жағдай, ашылмаған сыр, көрінбеген мінез алдыңнан шығып отырады және осының бәрін ол мен мұндалатып көзге ұрмай, сол өзінің лирико-психологиялық пландағы сырбаз, сыпайы, жайма-шуақ жазу стилімен жеткізеді. Жазушының мұрасы – болашақ ұрпақтың мәңгілік еншісі, қастерлеп - қадірлейтін мұрасы.