Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл

    Қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы Жамбыл Жабаевтың туғанына биыл - 175 жыл.
  Осы орайда Кітапханалық ақпарттық орталығының Көркем әдебиет секторы мен «Филология және журналистика» кафедрасы бірлесіп ұйымдастыруымен өткен «Жамбылды жырлаймыз» атты студенттер арасындағы онлайн айтыста топ жарып шыққан студенттеріміз бақ сынады. «Менің пірім Сүйінбай» деп жырлаған Жамбыл ақынды пір тұтқан Шапағат Әбдірұлы мен Саламат Осалыұлы сөз маржанын тізбектеп аламан айтыс көрсетті.

   Университет музейінде өткізілген сайыста Гуманитарлық әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Айсұлу Тұрарқызы студенттермен кездесті.
Айтыс өнері заман ағымына ілесіп жасап келе жатқан қазақтың асыл мұрасы екені анық. Сөз құдыретін түсініп, ойлы да қағытпа қалжыңдарын ортаға салған біздің азаматтарымыз, сахнада айтысқанмен өмірде айтыспайық деп аяқтады.
  Өнер көрсеткен қатысушыларымызды Көркем әдебиет секторының жетекшісі Нұргүл Сапарғалиқызы Кітапханалық-ақпараттық орталығының атынан «Жамбыл феномені» атты естеліктер мен ғылыми-зерттеу мақалалары жинақталған кітаппен марапаттады. Сөз соңында ф.ғ.к, доцент Балзия Баешова студенттерге алғысын айтты.
  Жамбыл өлең-жырлары кейінгі ұрпақ үшін тек танымдық дүние ғана емес, аңсап, сусап оқитын, тәлімдік, тәрбиелік өнеге, өлшеусіз ғибраты. Ұлы ақын жыры - ғасырдан ғасырларға жасай береді.