Батырдың ерлігі - ұрпаққа өнеге
2025 жылдың 24 сәуірінде Кітапханалық-ақпараттық орталық пен «Филология және журналистика» білім бағдарламасының оқытушыларының ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романы оқылып, қызу талқыланды. Іс-шараның мақсаты - жастарды кітап оқуға баулып, патриоттық сананы қалыптастыру, рухани тәрбиені ұлттық негізде дамыту.
«Москва үшін шайқас» романы - қазақ әдебиетіндегі соғыс тақырыбына жазылған алғашқы шығарма, әскери мемуар.
Іс-шара Жеңіс саябағында «Даңқ» залында өтті. Іс-шараның қонағы – Бауыржан Момышұлының немере інісі Бекет Момынқұл батырдың ерлігі жайында танымды әңгімелерімен бөлісті.
М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті “Бауыржантану” орталығының аға-ғылыми қызметкері Найзабаев Әлімбай Б.Момышұлының «Москва үшін шайқас» романын студенттерге қызықты етіп, мазмұнын ашып берді. «Автор ащы да ауыр өмір шындығын жасырмайды. Мұнда ойдан шығарылған оқиғалар немесе ойдан шығарылған кейіпкерлер жоқ. Бұл адамның көз алдында болған оқиғаларды өз көзімен көргені, не болғаны туралы шығарма»-деп ойын түйіндеді.
Өз кезегінде студенттер аса қызығушылық танытып, өздері де кітап жайлы ойларын бөлісіп, сұрақтарына жауап алып отырды. «Филология және журналистика» білім бағдарламасының 2 курс студенті Әкімжан Қуанышбекұлы «Москва үшін шайқас» романынан үзіндіні сарбаз образында аса тербеніспен оқыды. Барша қауым шайқас кезеңін көз алдарына елестеткендей болды.
Іс-шара өте тартымды әрі қызықты өтті.