«Ғайни ақынның әлемі»
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің Кітапханалық-ақпараттық орталығында «23-сәуір-Ұлттық кітап күніне» орай және «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында «#КітапОқыТрендтеБол» атты мерекелік іс-шара өтті. Аталған іс-шара барысында халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның ақпарат саласының үздігі, ҚР мәдениет саласының үздігі, «100 қайраткер әйел» анықтама-энциклопедиясына енген Ғайни Әлімбекқызының студенттермен «Ғайни ақынның әлемі» атты әдеби кеш өтті.
Жалпы Ғайни ақын Әулие-ата өңірінің тумасы, «Ақша бұлттар арасында арман бар», «Көңілімде боздап тұрды бозінген», «Жыр-айна», «Қарлығаштар мекені» және «Сен берген гүл» атты өлеңдер жинағының авторы, «Азия дауысы», «Жас қанат» халықаралық байқауларының лауреаты, Жамбыл облыстық телевидениясында 30 жыл қызмет атқарған, қазіргі таңда «Taraz24» телеарнасында «Биіктік» бағдарламасының редакторы қызметін атқарады.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың әдебиетке, журналистикаға деген қызығушылығын арттыру, сонымен қатар шығармашылық тұлғамен еркін сұхбаттасуға мүмкіндік беру болып табылады. Сондай-ақ, кездесуге «Филология және журналистика» кафедрасының студенттерімен бірге профессорлық-оқытушы құрамынан Әлім Майра - «Мәдениет және өнер» кафедрасының аға оқытушысы; Құламанова Зиба Абдуллақызы - профессор, филология ғылымдарының кандидаты; Мұқашев Темірбай Алиұлы –доцент, филология ғылымдарының кандидаты; Махашов Бақытжан Маханұлы - «Филология және журналистика» кафедрасының аға оқытушысы және Дулати университетінің Кітапханалық-ақпараттық орталығының директоры Иржанова Гүлжан Жеңісбекқызы басқарған кітапхана ұжымы қатысты.
Әдеби кеште Ғайни Әлімбекқызы өзінің алғашқы шығармашылық қадамдары, журналистикадағы жолы, поэзияға деген махаббаты туралы әсерлі әңгімесімен бөлісті, студенттерге шабыт пен шаттықты қалай табуға болатыны, сөз құдіретін сезіну, қоғаммен байланыс орнату сынды тақырыптарда пайдалы кеңестер берді. Студент жастар ақынның жүрек тербер өлеңдерін оқып, өздерінің жүрекжарды көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, жан-жақты пікір алмасты. Бірі ақынға шабыт сыйлайтын не екенін білгісі келсе, екіншісі жазған кітаптары жайлы сұрақ қойды, ақын жолының соқпақтары мен әдебиет пен журналистикаға қатысты ойларымен бөлісті.
Ақынымыздың өлеңдерін, оның ішінде «Отан», «Көне Тараз – қарт шежіре абызым», «Жеттің бе, көктемім?!», «Үміттің жағып шамын» атты өлеңдерін Қуанышбекұлы Әкімжан, «Қазақ филологиясы» мамандығынің 2- курс студенті, Тынышбек Ақылбек , «Қазақ филологиясы» мамандығының 1 -курс студенті, Ораз Айгерім, «Конвергенттік журналистика» мамандығының 1- курс студенті, Батырбек Айнара, М.Х.Дулати университетіне қарасты Қаратау тау-кен технологиялық колледжінің 1- курс студенті орындады және Қуанышбекұлы Әкімжан Ғайни аруға өз арнауын жеткізді.
Кездесу соңында Кітапханалық-ақпараттық орталығының директоры Иржанова Гүлжан Жеңісбекқызы қадірменді қонағымыз Ғайни Әлімбекқызына университет басқармасы атынан Алғыс хат тапсырып, дән ризашылығын білдірді. Рухани бай, әсерлі өткен бұл жүздесу қатысушылардың жүрегінде ұзақ сақталады деген сенімдеміз, «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясындағы іс-шаралар жалғаса бермек.