16 желтоқсан – ата бабамыздың арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген Тәуелсіздік күні. Тәуелсіздік - таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз.
2024 жылы 9 желтоқсанда Кітапханалық-ақпараттық орталық пен «Журналистика және филология» кафедрасының ұйымдастыруымен түнгі оқу залында «Тірегі сен төрімнің, Тәуелсіздік!» атты кездесу кеш өтті.
Кездесудің мақсаты – жастардың бойында ұлттық сана сезімін, саяси сауаттылығын өрбіту, тәуелсіздік құндылығын бағалап, ол туралы терең мағлұмат беру, желтоқсан оқиғасына қатысты деректермен таныстыру. Кездесуге білім бағдарламасының белсенді студенттері, оқытушылар қатысты. Кеш қонағы – ҚР Журналистер одағының мүшесі, ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Журналистика және филология» кафедрасының аға оқытушысы Бақытжан Маханұлы Мақашов студенттерге өз көзімен көріп, куә болған желтоқсан оқиғасы туралы баяндап берді. 1986 жылы желтоқсанда жастардың алаңға шығуы, олардың наразылығы, сол кездегі басшылардың оларды тарқату үшін түрлі амал-тәсілдерді қолданғаны, студенттердің батыл әрекеттері туралы қайғылы да тәрбиелік мәнді әңгімелерін өрбітті. Жастарға тәуелсіздіктің оңай келмегендігін, ол Қайрат, Сәбира, Ләззат секілді аға-әпкелерінің батылдығы, қаны арқылы жеткендігін тебірене баяндады. Сол үшін қазіргі жастарды тәуелсіздікті бағалауға, ел мен жерді көзінің қарашығындай сақтауға шақырды. Жастарымыз білімді, білікті, намысшыл, отаншыл болсын деген тілегін айтты. Студенттер өз кезегінде көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, оған жауаптарын алды. Кеш барысында Студенттер тәуелсіздік туралы жүректен шыққан өлеңдерін оқып, арнау арнап, ән әуелетіп, керемет күй қалықтатып кешті бір ерекше әсерге бөледі. Кеш соңында Кітапханалық-ақпараттық орталықтың бөлім басшысы Балхия Маткулова «Тірегіміз – Тәуелсіздік, тілегіміз тұрақтылық» атты кітап көрмесімен таныстырып, желтоқсан оқиғасының куәгері, кеш қонағы Бахытжан Маханұлына кітап сыйға тартты. Іс-шараның тәрбиелік мәні зор болып, өте әсерлі де мазмұнды өтті.