«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы оқырмандар арасында ерекше сұранысқа ие.
Аталған акция елімізде 2007 жылдан бастап ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық Кітапханасы мен ҚР кітапханалар қауымдастығының бастамасымен өткізіліп келеді.
Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік туындыларды оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ жастарға рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беруге бағытталған. Сонымен қатар, акция қоғамның отандық әдебиетке, оның ішінде классикаға, қазіргі әдебиет пен поэзияға деген қызығушылығын әрі қарай жоғарылатуына мүмкіндік туғызады.
«Бір ел – бір кітап — 2024» республикалық акциясы бойынша қазақ прозасына өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат әкелген көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаев шығармалары жаппай оқуға ұсынылды. Сонымен қатар биыл Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енгізілді.
Осыған орай, 4 желтоқсанда Кітапханалық-ақпараттық орталығының Көркем әдебиет секторы және «Мәдениет және өнер» кафедрасының студенттері «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаевтың шығармаларына арналған «Бердібек Соқпақбаев – балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты әдеби кешін өткізді.
Әдеби кешке «Мәдениет және өнер» кафедрасының аға оқытушысы Куненова П.С. және кітапхана қызметкерлері, студенттер қатысты.
Кітапханалық-ақпараттық орталығының Көркем әдебиет секторының жетекшісі Нұргүл Сапарғалиқызы «Бір ел- бір кітап» республикалық акциясының тарихына тоқталып, биылғы 2024 жылы "Бір ел-бір кітап" республикалық акциясы көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын оқуға ұсынылғанын айтты. Өз кезегінде Нұргүл Сапарғалиқызы «Балалық шаққа саяхат» атты кітап көрмесімен таныстырды.
Кеш жүргізушісі «Мәдениет және өнер» кафедрасының студенті Тілеп Альбина (2 курс) өмірбаяны мен шығармашылық жетістіктерін баяндады. «Мәдениет және өнер» кафедрасының (2 курс) студенттері: Күліпбай Жанерке мен Назарбаева Дариға Бейсебай Кіріспайұлының Бердібек Соқпақбаевқа арналған «Бәйтерек» өлеңін оқыды. Өмірбек Балжан «Менің атым Қожа» повесі туралы, Сәрсенбек Ақтоты «Өлгендер қайтып келмейді», Рәш Әсем «Балалық шаққа саяхат» және Қаратау тау-кен технологиялық колледжінің 1 курс студенті Батырбек Айнара «Жекпе-жек» шығармалары бойынша қысқаша мазмұндап, қызық жерлеріне тоқтап, оқырманды жазушының осы және басқа шығармаларын оқуға кеңестерін берді. Бердібек Соқпақбаев шығармашылығын балаларға арналған өлеңдермен бастаған, Жайманова Жанел (2 курс) «Шынықсын денеміз!» атты өлеңін оқып берді.
Осы кезекте Бердібек Соқпақбаевтың өз дауысы тыңдалды (https://www.youtube.com/watch?v=Nqltrh11o7E)
Келесі кезек те жазушыға арналған арнау өлеңдеріне сөз берілді: Мақсұтова Нұрдана (2 курс) мен Кеңшілікова Айдын (2 курс) Д.Қуаттың «Бердібек атаға арнау» оқыды, Үсен Жандос (1 курс) Мінуар Әкімхановтың «Тұрғандай сені күтіп...» атты арнауын нақышына келтіріп тұрып орындап берді. Нұрсұлу Еркімбекова (1 курс) мен Аяжан Рахметілда (1 курс) «Бердібек Соқпақбаевқа» арналған арнау өлеңдерін оқыды.
«Мәдениет және өнер» кафедрасының 3 курс студенттері: Равшанова Айжана, Тілектес Жанат, Бақытжан Айгерім, Жамау Аружан, Қожанова Жарқынай, Ерманова Гүлбира, Сарыева Айдана, Худайберген Алтынгүл, Батыргелді Нағима, Смағұл Зарина, Жақанова Айым, Жұмаділ Айерке, Елеукенова Айгерім, Абдрасули Дінасыл жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы бойынша сахналық көрінісін ұсынып, көрерменннің ыстық ықыластарына бөленді.
Нұргүл Сапарғалиқызы өз кезегінде Бердібек Соқпақбаевтай жазушысы бар қазақ халқы бақытты, кітаптарының жарық көргеніне қанша жыл болса да, әрдайым оқырманның жүрегінен ойып тұрып орын алған, еш ұмытылмайтын, қайталанбас туынды болып қалары сөзсіз екенін айтып, қатысушыларға алғысын білдірді.
Кеш соңында өнер көрсеткен қатысушыларға ««Мәдениет және өнер» кафедрасының аға оқытушысы Куненова П.С. қатысушы студенттерге алғысын білдіріп, белсене қатысқандарға университет басшылығының атынан алғыс хат тапсырды.
Құрметті оқырман! Кітапханамыздың Көркем әдебиет секторларында жазушының «Менің атым Қожа» повестері, «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» және тағы да басқа көптеген әңгімелері бар. Кітапханамызға келіп, жазушының туындыларын оқымағандарыңыз болса, оқып танысып, оқығандарыңыз қайта оқып шығуға кеңес беремін. Сонымен қатар, назарларыңызға кітапханамызда «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында өткізілетін іс-шараларға қатысыңыздар! Балалық шаққа саяхат жасаңыздар!