Яндекс.Метрика

                                                                                                                

ШЫҢҒЫС АЙТМАТОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 95 ЖЫЛ

     20 сәуірде Кітапханалық-ақпараттық орталығының Көркем әдебиет секторы «Қазақ және орыс тілі» кафедрасымен бірігіп ГӘҒФ кешені, акт залында  ойшыл гуманист, данагөй, қазақ-қырғызға ортақ халық жазушысы, Социалистік Еңбек Ері, КСРО мемлекеттік сыйлығының үш мәрте иегері және Лениндік сыйлықтың лауреаты Шыңғыс Айтматовтың туғанына 95 жыл толуына  орай «ЖЕР ШАРЫНЫҢ АЗАМАТЫ» атты  әдеби-сазды  кешін өткізді.

    Әдеби кешті М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің   «Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар» факультетінің деканы Мамырханова Жәмилә Темірғалиқызы бастап берді. Жәмилә Темірғалиқызы өз кезегінде әжесі есімін осы Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» шығармасына арнап қойғанын және 2008 жылы  жазушы Ш,Айтматовтың Германия мемлекетінде қайтыс болғанда сол жақта болғанын тілге тиек етті.
Келесі сөз кезегін қонағымыз «Манас ата» қырғыз этно-мәдени орталығының төрағасы – Меңдібаев Абзалбек Ахметұлы алып, жазушының туған жеріне тоқталды.
Кеш барысында жазушының өмірбаяны мен шығармашылығы баяндалып, бейнематериалдар көрсетілді, «Қош бол, Гүлсары» повесінің үзіндісінен  сахналық қойылым болды. Ш. Айтматовтың  «Ана – жер – ана» атты шығармасынан монолог оқылды, қырғыз тілінде ән айтылды.
    Кітапханалық-ақпараттық орталығының. Көркем әдебиет секторының жетекшісі Нұргүл Сапарғалиқызы «Шыңғыс Айтматов - ғасырдан да ұзақ жасайтын кемеңгер жазушы»  атты дәстүрлі кітап көрмесін таныстырды.
Адамзаттың ортақ арманын, ортақ мақсатын, ізгі үмітін оңаша отырып ой елегінен өткізгендер тобын тарлан тарих тұлғалар қатарына қосады. Жарық пен көлеңкенің көлбеуінде жатқан көмескі сызықта күн кешумен өркениет өрімдерін еселейтін - адамдардың ара-қатынасындағы айтса ауыз бармайтын, айтпасаң арың шыдамайтын, арпалыстарды ақ пен қара деп ежіктемей суреттеп беру үшін де тұлғалық тұрпат керек. "Жәмиладан" басталып, "Жанпидамен" жалғасып, "Кассандра таңбасымен" дами түскен сөз дәуірінің Шыңғыс Айтматов өнерінің шоқтығын биіктетіп тұрған, әрбіреуі бір-бір кезеңіне татитын шығармалар шоғыры бұл күнде адамзатқа ортақ құндылықтарға айналды. Қазақ пен қырғыздың әдеби мұрасын ортақтастырып, қаламының ұшына жан бітіре білген, сырға, мұңға толы шығармаларымен оқырманын бірден баурап алатын заңғарлы жазушы Шыңғыс Айтматов бүгін 95 жасқа толар еді...