Яндекс.Метрика

                                                                                                                

Желтоқсан оқиғасы – Тәуелсіздік бастауы.

   Кітапханалық-ақпараттық орталықтың №10 Түнгі оқу залында Тәуелсіздік күніне орай 2022 жылдың 13-желтоқсанында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Қаратау тау-кен технологиялық колледжінің 1-курс студенттерімен «Желтоқсан оқиғасы-тәуелсіздік бастауы» атты желтоқсан оқиғасының куәгерімен кездесу - кеш өтті. Кештің қонағы – ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Филология және журналистика» кафедрасының аға оқытушысы Мақашов Бақытжан Маханұлы.

  Кездесудің мақсаты – жастардың бойында ұлттық сана сезімін, саяси сауаттылығын өрбіту, тәуелсіздік құндылығын бағалап, ол туралы терең мағлұмат беру, желтоқсан оқиғасына қатысты деректермен таныстыру.      
   Кеш қонағы Бақытжан Маханұлы студенттерге өз көзімен көріп, куә болған  желтоқсан оқиғасы туралы баяндап берді. 1986 жылы желтоқсанда жастардың алаңға шығуы, олардың наразылығы, сол кездегі басшылардың оларды тарқату үшін түрлі амал-тәсілдерді қолданғаны, студенттердің батыл әрекеттері туралы қайғылы да тәрбиелік мәнді әңгімелерін өрбітті. Жастарға тәуелсіздіктің оңай келмегендігін, ол Қайрат, Сәбира, Ләззат секілді аға-әпкелерінің батылдығы, қаны арқылы жеткендігін тебірене баяндады. Сол үшін қазіргі жастарды тәуелсіздікті бағалауға, ел мен жерді көзінің қарашығындай сақтауға шақырды. Жастарымыз білімді, білікті, намысшыл, отаншыл болсын деген тілегімен сөзін аяқтады. Колледж студенттері өз кезегінде көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, оған жауаптарын алды.     
    Кітапханалық-ақпараттық орталық қызметкерлері «Желтоқсан желі ызғарлы» атты кітап көрмесін үйымдастырды. Кітап көрмесімен біліктілігі жоғары деңгейдегі кітапханашы Қуандықова Гүлмира таныстырып өтті. Кездесуден кейін студенттер Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың ескерткішіне барып, батырға арнаған өз шығармаларын оқып, арнау айтып, гүл шоқтарын қойды. Кештің тәрбиелік мәні зор болып, өте әсерлі өтті.