Яндекс.Метрика

                                                                                                                

«БІР ЕЛ – БІР КІТАП - 2022» АКЦИЯСЫ

   «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы оқырмандар арасында ерекше сұранысқа ие.
   Биылғы жыл халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты ілгері жалғастырушы ірі ғалым, көсемсөз шебері, әдебиет зерттеуші, тюрколог, дарынды ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толған мерейлі жыл.
   2022 жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Ахмет Байтұрсыновтың өлеңдері мен қанатты сөздерінің жинағы оқуға ұсынылды.

   Осыған орай 10 қарашада, ГӘҒФ кешенінің  №1 оқу залында  Дулати университетінің Кітапханалық-ақпараттық орталығының Көркем және сирек  әдебиеттер секторының жетекшісі Нұргүл Сапарғалиқызы мен Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультетінің «Шетел филологиясы және аударма ісі» кафедрасының оқытушсы Абдралиева Жазира Жандосовна  «Ахмет Байтұрсынұлы – Алаштың рухани көсемі» атты  әдеби кешін ұйымдастырды.
    Кеш мақсаты: қазақ тіл білімінің негізін салушы, ұлттық мәдениет пен әдебиеттің бастауында тұрған рухани көсем, Алаш қозғалысы рухани көшбасшысының  сан қырлы бейнесінің рөлі мен маңызын таныстыру.
   Әдеби кешке факультет деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Макимова Гүлбану Төлеуовна, оқытушылар, кітапхана қызметкерлері, студенттер қатысты. Аталған кафедраның 4 курс 6В02312-19/1,3 және 6В02313-19/3 топтарының студенттері өлең оқып, сахна көрінісін қойып, көрермен қошеметіне ие болды. Викториналық сұрақтар қойылып белсенді студенттер ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Ұлы ұстазымыз Ахмет Байтұрсыновтың өмірбаяны мен шығармашылығына арналған слайд пен деректі фильмдер көрсетілді. Көркем әдебиет секторының жетекшісі Нұргүл Сапарғалиқызы «Ахмет Байтұрсынов – қазақ халқының ұлы көсемі»  атты дәстүрлі кітап көрмесін таныстырды.
   Өнер көрсеткен  қатысушыларға факультет деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Макимова Гүлбану Төлеуовна университет атынан алғыс хат тапсырды.