Яндекс.Метрика

                                                                                                                

Жаңа кезеңдегі журналистиканың жай-күйі

    Бүгін 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Гуманитарлық - әлеуметтік ғылымдар факультетінің №1 оқу залында "Жаңа кезеңдегі журналистиканың жай-күйі" атты ой талқы ашық алаңында сұқбат өрбіді.
  "Филология және журналистика" кафедрасы Жас журналистер клубының ұйымдастыруымен өткен кездесуге мәдениет саласының майталманы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Асқарбек Сейілхан, химия кафедрасынан келген ғалым Саят Мамешова мен белгілі журналист, жазушы, "Университет тынысы" газетінің бас редакторы Ардақ Үсейінова, сондай-ақ кафедра меңгерушісі Күлзинат Мейрамбайқызы, аға оқытушы Балмира Мырзабай, оқытушы Ләззат Абдраимова, кафедра түлектері, Тараз-24 телеарнасының журналисі Гүлнар Тайжан, "Ақпарат және медиакоммуникация" орталығының журналисі Гүлжауһар Бажақай, облыстық "Арай" газетінің тілшісі Аяулым Жаманқара мен бірқатар студенттер қатысты. Ашық диалог форматында өткен іс-шараны аға оқытушы Бақытжан Маханұлы жүргізіп, қатысушыларды мерекемен құттықтап, қонақтарға сөз берді.

     Асқарбек Сейілхан өзге салада жүрсе де журналистиканы қатар алып жүргені туралы айтып, бала күнгі естеліктерімен бөлісті. Алғаш жазған мақаласы мен редакциялардан алған хатын еске алып, бүгінгі журналистиканың жай-күйіне дейінгі аралықта біраз әңгіменің тиегін ағытты. Саят Мамешова журналист болу бала күнгі арманы екенін, бірнеше саланы қатар алып жүрудің шапағаты жайлы айтса, Ардақ Үсейінова мақала жазу машығы мен журналистикадағы мектептер жайлы сыр шертті. Шара барысында Г.Тайжан, Г.Бажақай алғашқы жұмыс істеп жүрген кездегі кейбір эпизодтар мен одан алған әсерлерімен бөлісіп, С.Осалы газеттің болашағына алаңдаушылық білдіретінін жеткізді. Осылайша журналистиканың тарихынан бастап, бүгіні мен болашағы туралы сөз етілген ашық диалог алаңында көптеген мәселелер де қаузалды.
Бұл іс-шараның бір ерекшелігі "кездесуде кездескен жанды қуант" сергіту сәті болды. Жиынға келгендер өзіне таныс немесе бейтаныс жанды қуанту үшін әртүрлі сый-сияпат пен келіп, бір-біріне құрмет көрсетіп жатты.
Кітапханада өткен іс-шара соңында қонақтар естелік суретке түсіп, мерекелік көңіл күймен тарады.