Яндекс.Метрика

                                                                                                                

23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күні

        Дулати университетінің кітапханалық-ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен Дүниежүзілік кітап күніне орай «Әлемді өзгерткің келсе – өзіңнен баста» атты ашық микрофон іс-шарасы өтті.
        23 сәуір – әлем әдебиеті үшін атаулы күн. Кітап пен сөзге деген сүйіспеншілікте, шын мәнінде шек жоқ. Жыл сайын 23 сәуірде әлемнің 100-ден астам елінде Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні атап өтіледі. Іс-шара кітап пен авторларға деген құрметтің және кітап оқуды насихаттаудың жарқын көрінісі болып табылады. Бұл мереке жаңа технологиялар ғасырында кітаптың қашанда көшбасшылық орында тұратынын, ал кітап оқу - адам жан дүниесіне рухани байлық сыйлайтынын айқындайды.
        Мерекелік шараны Дулати университеті Зерттеулер және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Данияр Нұрмұханбет құттықтау сөзбен ашты. Техниканың заманында кітап – білімге үйрететін ең төзімді ұстаз екенін алға тартты.
       Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін құнды жәдігер – кітаптардан көрме ұйымдастырған кітапханалық-ақпараттық орталығының директоры Гүлжан Иржанова ғылыммен айналысатын студенттер үшін барлық жағдай жасалынғанын айтып, әр білімгер өз қажеттілігін кітапханадан алатын болса міндеттің орындалатынын жеткізді.
         Кездесу соңында студенттер өздеріне ұнаған кітаптар туралы ой бөлісіп, «Өмірімді өгерткен кітап!» атты Bookdating акциясын өткізді. Кітап оқуды әдетке айналдырайық деп өз кітаптарын достарымен алмастырды. Ашық микрофон, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Мұқағали Мақатаев медальінің иегері Нұржан Қадірәлімен қызықты сұхбатпен жалғасты. Сонымен қатар, оқырмандар назарына кітапхана қорының асыл қазынасы - сирек кітаптардан тұратын тартымды да мазмұнды кітап көрмесі ұсынылды.
        Өткізіліп отырған іс-шаралар жастар арасында кітапқа деген қызығушылығын арттырады деген сенімдеміз.