Яндекс.Метрика

                                                                                                                

Кітап мерейтойы

   2022 жылдың 14 сәуір күні Кітапханалық – ақпарттық орталықтың  №6 оқу залы мен «Ұстаз» институтының «Jastart» жастар ұйымының бірлесе ұйымдастыруымен қазақтың көрнекті жазушыларының бірі І.Есенберлиннің үш романнан тұратын «Көшпенділер» трилогиясының 45 жылдығына арналған «Тарих.Тағдыр.Тұлға» атты ашық сұхбат алаңы  өтті.

   Іс-шара мақсаты –студент жастарды кітап оқуға шақыру, кітапты насихаттау. Іс-шарада «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының 1 курс студенттері белсенділік танытып өз ойларын ортаға салды. «Педагогика» кафедрасының аға оқытушысы С.А.Көшімбетова, «Тарих және география» кафедрасының оқытушысы З.А.Исаев шығарма, автор туралы өз пікірлерін айтып өтті.
   Ілияс Есенберлин - қазақ халқының сан ғасырғы тарихын көркем тілмен бейнелеп, қазақ елінің әдебиеті  мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан үздік қаламгер. Жазушылық қабілет пен үлкен зерттеушілік ізденістің нәтижесінде дүниеге келген «Көшпенділер» трилогиясында автор қазақ халқының көнеден келе жатқан тарихын зерттеген. Шығарма туралы автордың өзі: «Көшпенділер – әр түрлі бұрмалауларға тура жауап. Қазақтың өз мемлекеті болған және біздің тарих өте көне әлемдік тарихтың бір бөлігі болып табылады“,- деген. Республикалық дәстүрлі «Бір ел- бір кітап» акциясы бойынша 2015 жылы жалпыхалықтық оқуға ұсынылған жарты әлемге аты мәшһүр бұл туынды жалпы таралымы үш миллион данамен елу реттен аса шығарылып, қазірдің өзінде отыз тілге аударылған. Қазақ халқының өткен тарихын бейнелейтін, тарихтан мол мағлұмат беретін бір кітап емес, бірнеше роман жазып, оқырманға ұсыну жай ерлік қана емес, талантты жазушының саяси жеңісі еді.