Яндекс.Метрика

                                                                                                                

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ!

   Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Кітапханалық-ақпараттық орталығы және «Мәдениет және өнер» кафедрасының ұйымдастыруымен 2021 жылдың желтоқсан айының 9 жұлдызында, ГӘҒФ кешені, № 1 оқу залында  әнші, сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлиевпен «ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛІНІҢ АЗАТТЫҒЫ»  атты кездесу кеші өтті.

   Кездесу кешін  «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі Кабиева А.К. студенттер мен келген қонақтарға Ә.Тінәлиевты таныстырып ашып берді.
   Кеш жүргізушісі сазгерге «Желтоқсан желі» әнінің тарихын айтып беруді сұрады. Әбиірбек Тінәлиев аталған әннің өмірге қалай келгені туралы, сонау 1986 жылғы оқиғаны,  басынан кешкен естеліктерін айтты:
   – «Желтоқсан желі» Алматының қақ ортасындағы алаңдағы қанды қырғын болған үш күннің екінші күні, яғни 1986 жылдың 17 желтоқсаны күні жазылды. Ол кезде мен Жамбылда тұратын едім, сол себепті алаңда бола алмадым. Бізді Алматыға жібермеді, ол кезде еш рұқсат болмады, сол себепті біз қапалы күйде үйімізде отырдық, сол үшін әлдекімдерге ренжідік... сол кезде туған ән еді бұл, ақын Әбдірахман Асылбеков ағамызды тауып алып, әлгі әнге сөз жазғыздық. Содан кейін Алматыға келіп, әнімізді Қазақ радиосының студиясында жазғыздық, бірақ әуе толқынынан беруге рұқсат етілмеді. Сол жылдарда «Желтоқсан желі» әні ең алғаш Азаттық радиосы арқылы халыққа жетіп еді.
   1986 жылдың желтоқсанында алаңға шығып, Кеңес билігіне наразылық көрсеткен жастарды да қаһарлы империядан сескендірмеген күш те осы Азаттыққа деген аңсау екені сөзсіз. 
   Кездесу барысында Ә.Тінәлиев «Желтоқсан желі» әнімен бірге бірнеше әндерін орындады. Желтоқсан құрбандарын еске алып 1 минуттық үнсіздік жарияланды.
      Студенттер де өз кезегінде Тәуелсіздігіміздің мерейтойына орай дайындаған өнерлерін паш етті.
   Кездесу кеші  студенттер мен қонақтардың «Қазақстан – көк тудың желбірегені» әнінің орындалуымен аяқталды.