Өзімнің екінші хат — жазған хатым,
Қоштасқан біржолата мінажатым.
Көзіңнен айналайын, жылай көрме,
Мен кетсем, қалды өзінде махаббатым
Қарағым, жерім қиын, келе алмайсың,
Бір келіп тілегімді бере алмайсың.
Бұрынғы көп сөзінің бірі деме,
Мұнан соң дүниеде көре алмайсың.
Демеуші ем, қалқам, сені күйгізейін,
Деуші едім күнде саған сүйгізейін.
Денеңе денем тисе жана бердім,
Өлген соң құшақтатып тигізейін.
Ғашыққа сендей шыдап жүре алмадым,
Қойныңа, арманым сол, кіре алмадым.
Қайтейін атым әйел, денем нәзік,
Еркектей қайрат қылып тұра алмадым.
Сен жеңдің, мен жеңілдім, бұрын өттім,
Жолыңа шыбын жанды құрбан еттім.
Қолына сағынғанда қарасын деп,
Белгіге жүзігімді беріп кеттім.
Артыңнан түнеугіде біреу кетті,
Шаһардан шыға бере саған жетті.
Сол барған, енді ойласам, Зәйіт екен,