Екеуінен көп жанды таратыпты.
Құдай неге қылмаған адамды тақ,
Балаларын өзінен өстіріп-ақ.
Хауаны жаратудан мақсұты не?
Сол арасын білуге ақылым шақ.
— Әй, Қалқаман, теңі жоқ, құдай жалғыз,
Мұқтаж емес жолдасқа тіпті армансыз.
Адамзатқа көмексіз, махаббатсыз
Өмір қызық дегенді естен қалғыз.
Жоқ болса махаббатлы бір сүйгенің,
Ойлашы, керегі не дүниенің.
Сүйсін, жолдас болсын деп жаратты алла,
Бұл туралы білгенім осы менің.
— Тауып айттың, Мамыржан, ұқтым жайын,
Сүйтсе-дағы тағы бір сөзім дайын.
Махаббатлы жарым жоқ, жәрдемшім жоқ,
Өлейін бе, қайтейін, кімге айтайын?
Қалқаманның мақсұтын Мамыр білді,
Аз ойланып үндемей сабыр қылды.
Жылы жүрек өзіне жар тапқандай,
Тыншымады, тулады, жүз құбылды.
Қызарды, бір ағарды байдың қызы,
Бетке шықпай тұра ма жүрек ізі?