— А, о, не?
— Қалай жиһанкез боламын?
Алмас тұра қалып ойланды. Төңірегіне — көшеге, көшедегі өтіп
жатқан адамдарға, сан қилы маркалы автомашиналарға көзілдірігін түзеп-
түзеп қойып тесіліп қарады.
— Іһм, қалай түсіндірсем екен саған? Жиһанкез... Ә, былай... Сенің
жасындағы балаларға жиһанкез болу үшін алыс-алыс жерге саяхат шегудің
қажеті жоқ. Бәрібір шаршап қалып, жетпей желкелерін үзіледі, — Бұл Алмас
алда-жалда алгебра жайлы ойға батып кетпесе, әжептәуір мысқылшыл еді. —
Қалай жиһанкез боламын дейсің бе? Кешке қарай, күн батпай жылы киініп
алып, мына көшені бір айналып шықсаң болды... — деді. Сонымен сөз тәмәм.
Алгебра есіне түсіп кетті ме, жауырыны аспанға шығып, басы салбырап жүре
берді.
Тити де біраз ойланып қалды.
Екеуі іркесіп-тіркесіп пәтерге кірсе, әке-шешелері әлі жұмыстан қайта
қоймапты. Папалары кеше: «Кәсіподақ жиналысы бар, кештеу келермін», —
деп отырған. Ал мамасы үйге ылғи да қас қарая артынып-тартынып бір-ақ
оралады — жұмыстан шыға жолай дүкендерге жағалай кіріп, азық-түлік
сатып алады.
Таймас — Титиді шешіндірді де, қонақ бөлмеге ойыншықтарды
салдыр-гүлдір төге салды.
— Ал құмарын қанғанша ойнай бер. Тек салдырлатпа. Мен сабақ
қараймын, — деп, бүйір бөлмеге кіріп кетті. Содан тырс еткен дыбыс жоқ.
Тек анда-санда ашылған кітап бетінің сыбдыры мен қалам сықыры ғана
естіледі. Тити ойыншықтардың біріне де тиіскен жоқ. Не сөйлемейтін, не
жүрмейтін жансыз мылқау ойыншықтардан баяғыда-ақ жалыққан еді.
Құлағында Алмас ағасынын көшеде келе жатып айтқан мына сөздері
шуылдап тұр: «Қалай жиһанкез боламын дейсің бе? Кешке қарай, күн батпай
жылы киініп алып, мына көшені бір айналып шықсаң болды...». Дұрыс қой.
Ағасы айтса, қателеспейді. Ылғи ойланып жүреді. Математика үйірмесіне
қатысады. Жақсы оқиды. Сап-сары мыстан жасалған көзілдірігі бар.
Қысқасы, өте жақсы ата... Ендеше, атасының айтқанын орындау керек.
Құлағын бүйірдегі бөлмеге салып, тың тыңдап отырды да, сүт пісірімнен
кейін орнынан тұрды. Етігін, құлақшынын киді. Пальтосының жеңіне қолын
сұқты. Түймелерін ілгектеді. Есікті сыбдырсыз ашты да, үн-түнсіз сыртқа
шығып кетті. Бір басып, екі басып, сатыларды санап төмен түсе бастады.