Көкірегімді мұң өртеп, қиялымда жыр жанды,
Бүгіп сансыз сырларды шөлейт-шөлейт құм қалды.
Етегімнен жабысып желде қалды жылаған,
Былдыр-былдыр тілінде айтып жатты бұлақ ән.
Тау қозғалып, жай түсіп, аспан құлап кетсе де,
Мені осы сапардан тоқтата алмас ештеңе.
Масаң көңіл оянып, өзегімде от борап,
Әнге салып қоямын:
«Әйтшу-әйтшу көкшолақ!»
Жатыр таулар мұнартып, басып бұлттар бауырын,
Таңғы ұйқыда мүлгіген мынау сенің ауылың.
Жеті түнде желпініп жеттім бе аңсап ақыры,
Сағына алмас дәл мендей ақындардың ақыны.
От құшақта өртеніп жатсам құлап тағы бір,
(Мені осы арманға жеткізе көр, Тәңірім).
Шайыр үшін аялы: сезім - көрпе, жыр - төсек,
Мен аңсаған баяғы мынау сенің күркешең.
Келдім кеудем күй толы, кепкен шақта кенезем,
Таңның нұры төгілген — біз сырласқан терезе.
...Мен келгенде неліктен оянбадың ерке мұң,
Енді амалсыз мен сенің әйнегіңді шертемін...
2004 ж.
ҰЛУ
Еме, еме өскен ем Бөрі Анамның емшегін,
Көкірегіме құйып ап жанарымның мөлтеңін,–
Қияндарға жорттым сан сапар шегіп, жол шегіп,
Болсадағы тұманды бүгінімнен ертеңім.
Теңіздің де көрсетпес қара тұман айдынын,