Тобық Жармағамбетов
Отамалы
(әңгіме)
Бұл аңыз көктемде қар еріп, жер жалаңаштанғаннан кейін кенеттен
ызғырықтың қайта соғып, боран қақап кеткенінде еріксіз еске түседі.
Сондағы соққан долы жел солтүстіктегі мәңгі мұз тауларының арасында
ұмыт болып қалған аңызды сары далаға қайта айдап әкеледі. Сондағы қаптай
жауған қар қиыршықтарының әрқайсысында осы аңыздың мұз боп қатқан
түйіршіктері ұшып жүреді. Сол кезде аңыздың әлсіреп жеткен мұң-зары кең
даланы тұмандай бүркеп кетеді. Бұл мұң біресе жусан басына соғылып,
біресе қияқты тұншықтырады. Біресе жазыққа жайылып, біресе бұлтқа сіңеді.
Биік құздың басынан жел болып құлап, сай-салаға тығылады. Өзен бетінде
шыны толқын болып ойнайды. Жер үсті, аспан асты жүрек зарына толып,
төбелердің баурайын қайғы шарбысы қоршап алады.
Сол кезде қазақтың көне даласындағы қартамыш жусандар бұл аңызды
тағы бір естиді. Желмен бірге жеткен шер далаға мынаны айтады деседі
қариялар.
* * *
Ертеде қазақ даласын борандар мен аңызақтар, жұт пен қасқырлар,
сосын... аздаған қазақтар жайлайтын. Қазақтың даласы төбелерден тұратын.
Әр төбенің баурайында тілін жалаңдатып жұт жортатын. Әр төбенің ар
жағынан қамшыдай суырылып шығып боран ышқынатын. Әр төбенің
астында қасқыр жататын. Сол көп төбелердің бірінің баурайында Отамалы
деген қойшы өмір сүрген екен.
* * *
Отамалы қолына таяғын алып, кішкене лашықтан далаға шықты. Күн
шапыраштанып, қып-қызыл болып батып бара жатыр екен. Көзін
қысыңқырай оған біраз қарады. Ішінен бірдемелерді айтып күбірледі. Басын
шайқады. Әлі оты сөнбеген көздерін аспан ортасында аударып, оны да
барлап қарады. Алыстағы жардың басында бір топ қарға шуласып жүр екен.
Ол басын тағы шайқады.
Ақырында орнынан қозғалып, анадай жерде тұрған аппақ киіз үйге
беттеді. Ақ үйдің ар жағындағы төбелердің бауырында бір топ қой жатыр.
Жер беті түгел жалаңаштанған. Күнгей жақ беттері көгере бастаған.